Psiphon пайдаланушыларына 2017 жыл құтты болсын!

02.01.2017 - 1 мин оқу

Жаңартылған: 22.01.2025


2016 жыл хабардар болуға тұрарлық көптеген әлемдік оқиғаларға толы, маңызды жыл болды. Бүкіл әлем бойынша Ғаламторға және соның арқасында ақпаратқа қолжетімділік артқанымен, цензураның барлық түрлері, соның ішінде веб-сайттарды бұғаттау да күшейді.


Psiphon ұжымы ретінде біз де бағдарламалық жасақтамамызды қолданушылар санының бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін байқадық. Бұл Ғаламтордағы ақпараттық бақылаудың күшеюімен қатар жүрсе де, біз адамдарға оларды айналып өтуге көмектесе алатынымызға қуаныштымыз.


Freedom House ұйымының Интернет бостандығы туралы жыл сайынғы есебінде аталған еркіндіктің қатарынан алтыншы жыл бойы төмендегені атап өтіліп, дүние жүзіндегі Ғаламтор қолданушыларының үштен екісі үкіметті, әскерді немесе монархияны сынау цензураға әкелетін елдерде өмір сүретіні анықталды. Олардың тағы бір басты байқауы — үкіметтердің хабар алмасу қосымшаларын көбірек нысанаға алуы болды.


Бұл биыл біздің желімізде байқалған кейбір жағдайлармен үндеседі. Мысалы, қаңтар айында Мароккода VoIP қызметтері бұғатталып, Viber, Whatsapp, Skype және Facetime сияқты танымал тегін қоңырау шалу қызметтерін пайдаланушылардың наразылығын тудырды. Бір айға созылған тыйым салу кезінде Мароккодан келетін трафигіміз бірінші аптада үш есе, ал одан кейінгі әр аптада екі есе өсті. Содан кейін мамыр айында бразилиялық судья Whatsapp желісін бұғаттауға бұйрық берді, бұл бірінші рет емес еді. Бұл жолы да аталған елден келетін трафик 24 сағаттың ішінде үш есеге өсті.


Жалпыұлттық сайлаулар — цензураның өршитін тағы бір кезеңі. Үкіметтер әлеуметтік желілерді немесе оппозициялық веб-сайттарды бұғаттаған кезде адамдардың Psiphon қолданбасына жүгінгенін көрдік, мысалы, тамыз айында Габонда. Биыл байқаған тағы бір үрдіс — дүрбелең оқиғалар кезінде кейбір елдерде Ғаламтордың толығымен өшірілуі болды, мұндай жағдайда тіпті Psiphon да ештеңе істей алмайды.


Біз 2017 жылы дүние жүзіндегі адамдарға шектеусіз байланысып, ақпараттан хабардар болып отыруға көмектесе аламыз деп үміттенеміз. Барлық достарымызды Жаңа жылмен құттықтаймыз және сіздерге қауіпсіз, бақытты әрі еркін 2017 жыл тілейміз!
Компания жаңалықтары

Келесі оқыңыз